Бүгiн Астанада өткен отырыста Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерi түгел дерлiк Жер кодексiнiң кейбiр баптарына жарияланған мораторий мерзiмiн ұзарту ұсынысын қолдады. Тек бiр адам ғана бұл шешiмге қарсылық танытты, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Бүгiнгi отырысқа Жер реформасы жөнiндегi комиссияның 72 мүшесiнiң 60-қа жуығы қатысты. Комиссия төрағасы Асқар Мырзахметов үш айғы жұмысты қорытындылап, Жер кодексiнiң кейбiр баптарына жарияланған мораторий мерзiмiн ұзарту ұсынысын дауысқа қойды.
«Комиссияның бүгiнгi күнге дейiнгi атқарған жұмысының нәтижесiнде қалыптасып отырған ұсыныстардың бәрiн ресми түрде Ауыл шаруашылығы министрлiгiне тапсырып, Парламентке енгiзу жөнiнде шешiм қабылдауды, екiншiден, мораторий жариялаған нормалар, яғни қазақстандықтарға ауыл шаруашылығы жерлерiн сату және шетелдiктерге жалға беруге жарияланған мораторийдiң мерзiмiн 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейiн созу жөнiндегi ұсынысты Елбасына енгiзудi дауысқа қоямын», — дедi А.Мырзахметов.
Бұл шешiмдi комиссия мүшелерi қолдады, тек бiр адам ғана қарсы болды. Қалыс қалған ешкiм жоқ.
«Бүгiнгi күнге дейiн атқарылған жұмыс үшiн, пiкiрлерiңiз, ұсыныстарыңыз үшiн сiздерге өз алғысымды бiлдiргiм келедi», — деп Мырзахметов комиссия отырысын жапты.
Айта кетейiк, егер Елбасы бұл ұсынысты қабылдаса, жер реформасы жөнiндегi комиссия жұмысын тоқтатады.