Бүгін ОҚО Бәйдібек аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында ҚР Жер кодексінің нормалары түсіндірілді. Жиынға аудан әкімі Батырбек Көшербай, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бағдат Қалаубаев және жалпы аудан жұртшылығы қатысты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Көпшілік алдында баяндама жасаған аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі А.Алмабаевтың айтуынша, Жер кодексіне енгізіліп, 1 шілдеден бастап күшіне енуі тиіс өзгерістер мен толықтыруларға 6 мамырда мораторий жарияланғалы бері ауданда бұл бағытта біршама істер атқарылған.
Атап айтқанда, аудан әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2016 жылдың 28 сәуірінен бері заң нормаларын түсіндіру және әлеуметтік мәселелерді реттеу жөнінде жұмысшы топ құрылған.
«Бүгінде бір аудандық және 11 ауылдық ақпараттық-насихаттық топтары жұмыс істеуде. Оның құрамына беделді, сыйлы азаматтар, шаруа қожалықтарының иелері, кәсіби емес медиаторлар енгізілді. Бұлардың ішінде бір ғана аудандық топтың өзі соңғы бір ай ішінде елді мекендерді аралап, 22 кездесу өткізді. Ол жиындарға жалпы 1205 азамат қатысып, көкейдегі сауалдарына жауап алды», — деді баяндамашы.
А.Алмабаевтың мәліметінше, ол сауалдардың дені 49 жылға жалға алынған жерді жекеменшікке аудару жолдары, бұрынғы алынған мемлекеттік актінің жарамды-жарамсыздығы, мемлекеттен жерді қалай сатып алуға болатынына қатысты болды.
«Жолданған сауалдарға заңға сәйкес жауап берілді», — дейді сектор меңгерушісі.